Лагерь
“Спорттық лагерь” жоспары аясында мектебімізде ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту, зияткерлік ойындарға қызығушылығын арттыру және салауатты бәсекелестікке тәрбиелеу мақсатында дене шынықтыру пәні мұғалімі Сыздықов М.Қ 5–8-сынып оқушылары арасында «Қимылды ойындар арқылы ұйымшылдыққа тәрбиелеу» тақырыбында эстафеталық жарыстар өткізді. Мақсаты:оқушыларды қимылды ойындар арқылы салауатты өмір салтын ұстануға баулу, дене белсенділігін арттыру, ұйымшылдыққа, бірлікке, өзара көмек пен жауапкершілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, оқушылардың шапшаңдық, ептілік, төзімділік қасиеттерін жетілдіру және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру. Жарыс басталар алдында қатысушыларға қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, ойындардың шарттары мен бағалау тәртібі таныстырылды.Оқушылар сыныптар бойынша командаларға бөлініп, әр команда өзара ұйымшылдық пен белсенділік таныта отырып сайысқа түсті. Жарыс барысында қатысушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес түрлі қимылды және эстафеталық ойындар ұйымдастырылды.Атап айтқанда, «Кім жылдам?», «Допты жеткіз», «Кедергілерден өту», «Шеңбермен эстафета», «Арқан тарту» сияқты ойындар өткізілді. Әр кезеңде оқушылар тек жылдамдық пен ептілік жағынан ғана емес, команда мүшелерімен бірлесе әрекет ету, бір-бірін қолдау және ортақ нәтижеге ұмтылу жағынан да сынға түсті.Жарыс өте тартысты әрі қызықты өтті. Оқушылар белсенділік танытып, өз командаларына қолдау көрсетті. Әсіресе командалық тапсырмалар кезінде оқушылардың бір-біріне көмектесуі, жауапкершілікті сезінуі және жеңіске бірге ұмтылуы байқалды.Жарыс барысында әділ ойын қағидаларына ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар қарсылас командаларға құрметпен қарап, ойын тәртібін сақтады. Әр кезеңнің нәтижесі белгіленген талаптарға сәйкес бағаланып отырды.
 
«Этноауыл» лагері – ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды күн.
Мектебімізде оқушылардың жазғы демалысын мазмұнды әрі тәрбиелік мәнде ұйымдастыру мақсатында «Этноауыл» лагері өткізілді. Танымдық әрі қызықты шара барысында ұстаздар қауымы оқушыларды халқымыздың салт-дәстүрі, ұлттық өнері мен тұрмыс-тіршілігімен таныстырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше көңіл бөлді. Этноауыл көрінісі арқылы оқушылар қазақ халқының ертеден келе жатқан тұрмыс салтымен танысып, ата-бабамыздан мұра болып қалған қолөнер түрлерін тамашалады. Ұстаздар қыз балаларға бауырсақ пісірудің қыр-сырын көрсетіп, ұршықпен жүн иіру, жіп иіру және тоқу өнерлерін таныстырды. Оқушылар дәстүрлі қолөнерге қызығушылық танытып, ұлттық мұраның қадір-қасиетін түсінді. Шара барысында қазақ халқының ұлттық тағамдары туралы да кеңінен мағлұмат берілді. Оқушыларға ұлттық тағамдардың атаулары, дайындалу ерекшеліктері мен халқымыздың тұрмысындағы маңызы түсіндірілді. Бұл – жас ұрпақтың ұлттық тағам мәдениетін танып, атадан балаға жалғасқан дәстүрді бағалауына мүмкіндік берді. Этноауылдың ажарын ұлттық ойындар да аша түсті. Оқушылар «Бес асық», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату», «Арқан тартыс» сияқты қазақтың дәстүрлі ойындарына белсене қатысты. Ұлттық ойындар арқылы балалар шапшаңдық, ептілік, тапқырлық танытып, ұйымшылдық пен достықтың маңызын сезінді.Шараның көркін қазақтың ұлттық аспабы – домбыраның күмбірлеген үні келтірді. Домбырамен күй орындап, ән шырқап, өнерлерінде ортаға салды. Домбыраның қоңыр үні мен әсем әндер этноауылдың ерекше рухани атмосферасын қалыптастырды.
«Этноауыл» лагері – оқушыларға ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп қана қоймай, халқымыздың мәдени мұрасын жүрекпен сезінуге мүмкіндік берген тағылымды шара болды. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жас ұрпақтың бойына ұлттық рух, отансүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Ұлттық құндылықты ұлықтаған «Этноауыл» лагері оқушылардың есінде ерекше әсерлі әрі мазмұнды күн ретінде қалды.
 
«Киіз лагері»
Жазғы демалыс аясында оқушыларға арналған киіз үй лагері ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мазмұнды іс-шара ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Табиғат аясында өткен бұл лагерь балалардың бос уақытын тиімді өткізуімен қатар, олардың салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттырды.
Іс-шара барысында оқушылар таза ауада ұлттық ойындар ойнап, ерекше әсерге бөленді. Олар бес асық, арқан тарту секілді қазақтың ұлттық ойындарына белсене қатысып, ептілік пен ұйымшылдықтарын көрсетті. Сонымен қатар, түрлі танымдық сұрақтарға жауап беріп, білімдерін шыңдады.
Лагерьдің ең әсерлі бөлігі – оқушылардың қазақ халқының бай мәдени мұрасымен жақын танысуы болды. Балалар киіз үйдің құрылымы мен оның ішкі жабдықтарының мән-маңызын біліп, ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігі туралы құнды мәліметтер алды. Көне тұрмыстық бұйымдарды тамашалап, олардың қолданылу ерекшеліктерімен танысты.Ұлттық дәстүрді дәріптеген тағылымды сәттердің бірі – сабада қымыз пісу рәсімі болды. Оқушылар қымыздың дайындалу жолын өз көздерімен көріп, сабада қымыз пісудің қыр-сырымен танысты. Кейін ұлттық сусын – қымыздан дәм татып, қазақтың қонақжайлығы мен дәстүрлі дастарқанының ерекшелігін сезінді.Осындай тәрбиелік мәні зор лагерь балалардың ұлттық рухын нығайтып, халқымыздың салт-дәстүріне деген құрметін арттыра түсті. Табиғатпен етене байланысқан бұл күн оқушылардың жадында жарқын естелік болып сақталары сөзсіз.
 
 
"Шатырлы лагерь"
 «Балдырған» жазғы сауықтыру алаңының жоспарына сәйкес
балаларды қабылдап, оқушылармен «Бір күн шатырлы лагерь» ұйымдастырылды.Мақсаты: балалардың таза ауада қауіпсіз әрі белсенді демалысын ұйымдастыру, денсаулығын нығайту және қоршаған ортамен танысу арқылы алғашқы туристік дағдыларын қалыптастыру.
 
 
12.06.26ж. Жазғы сауықтыру алаңы аясында балалар таңғы жаттығу жасап, денсаулықтарын нығайтуға бағытталған қимыл-қозғалыс ойындарын орындады.
«Шебер қолдар» тақырыбында әртүрлі материалдарды пайдалана отырып, әсем бұйымдар жасады.
 
 
04.06.2026ж. Шал ақын ауданы Кеңес орта мектебі жанынан ұйымдастырылған сауықтыру алаңында «Рәміздерім-мақтанышым» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды. Мақсаты: Еліміздің рәміздерін қастерлеу, құрметтеу.
 
02.06.2026ж Шал ақын ауданы Кеңес орта мектебінің жанындағы «Балдырған» жазғы сауықтыру алаңының жоспарына сәйкес
балаларды қабылдау,бой жазу жаттығулары, «Спорт-денсаулық кепілі» спорттық жарыстар,ойындар ойнатылды.Мақсаты:балалардың жазғы демалысын әсерлі өткізуіне мейлінше ықпал жасау,қызығушылығы мен қабілетін дамыту,қимыл белсенділіктерін арттыру.
 
 
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Кеңес орта мектебінде мерекелік іс-шара өткізілді. Балалардың шаттыққа толы көңіл-күйін көтеру мақсатында қызықты ойындар ұйымдастырылып, логикалық сұрақтар қойылып, түрлі танымдық тапсырмалар орындалды.
Мереке барысында оқушылар ән айтып, би билеп белсенділік танытып, өздерінің тапқырлығы мен білімдерін көрсетті. Балалар көтеріңкі көңіл-күймен ойындарға қатысып, мерекеден ерекше әсер алды. Іс-шара аясында балаларға арнап тәтті балмұздақтар ұсынылып, мерекелік дастарқан жайылды. Бұл игі іске ауылымыздың жеке шаруа қожалығының иесі Жанат Кубетаев демеушілік көрсетіп, балаларға қуаныш сыйлады. Мектеп ұжымы мен оқушылар атынан Жанат ағаға балаларға деген қамқорлығы мен қолдауы үшін зор алғысымызды білдіреміз. Осындай игі істер өскелең ұрпақтың жарқын болашағына деген сенім мен мейірімділіктің жарқын үлгісі болып табылады

 

🌞 Құрметті оқушылар! 🌞

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагері өз жұмысын бастайды!

🎈 Сіздерді қызықты демалысқа, көтеріңкі көңіл-күйге, спорттық ойындарға, шығармашылық шараларға және жаңа достар табуға шақырамыз!

📍 Өтетін орны: мектеп жанындағы жазғы лагерь
📅 Басталу күні: 1 маусым
🕘 Уақыты: 09:00

Жазғы демалысты көңілді әрі пайдалы өткізгің келсе — бізбен бірге бол! ☀️

✨ Мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагері сіздерді асыға күтеді! ✨